Мәдениет

Қазақ қашан қалалық мәдениетке бойсұнады?!

Қалада баспанаға қол жеткізуден артық қуаныш бар ма! Алайда  сол үйге қолымыз жеткенше өліп-талып, қолымыз жеткен соң қадіріне жетпейтініміз қиын-ақ. Соңғы жылдары көп үйлер салынып, талайлар баспаналы болды. Қала қазақыланып келеді. Бірақ  биыл берілген үйдің жарты жыл өтпей-ақ, кіре беріс подъездерінің, ауласының адам көргісіз қалыпқа түсетіні таң қалдырады.

Мысалы, байырғы қалалықтар тұратын үйлердің подъезіне кірсеңіз, мүлде басқа көрініске тап боласыз. Қабырғасы мен едені,  баспалдақтарына дейін түрлі-түсті бояумен сырланған, жарқырап тұр, тап-таза. Тіпті ертеректе салынған үй болса да, біздің жаңа үйіміздің қасында ханға сәлем беруге лайық. Осыларды көргенде кейде : «Болашақта қазақтар қаланы ұстап тұра ала ма? Қалада тұру мәдениетін қашан игереді? Ен даланы еркін жайлап үйренген қазаққа әлде қала қол емес пе?» деген сұрақтар  мазалайды. Көп пәтерлі үй тұрғындарының мәдениетінің деңгейі қандай дәрежеде, мұндай жерде  тұрудың қалыптасқан ережелерінен хабарлары бар ма деген оймен  біраз адамның пікірін тыңдап көрдік.

Осы мәселе туралы сауалымыздың көпшілікті толғандырып жүргені соншалық — тұрғындардың көбі ішіне жиналған ренішін ақтарып салуға асықты. Тұрғын үй кооперативтерінің тұрғындар арасында беделінің  төмендігін «Ақша жинағаннан басқаны білмейді, тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, мұндай үйдің тұрғындары білуге тиісті ереже-талаптарды түсіндіріп отыру да  қолдарынан келмейді» деген наразылықтарынан байқадық. Кондоминиумға деген сенімдері шамалы сияқты. Қай-қайсысының да  көп пәтерлі үй тұрғындарының тыныштығына  бас қатырып отырғаны шамалы.  «Жекешелендіріп алған үйімді не істесем де өзім білем» дейтін кейбір үй иелеріне бір тоқтам керек сияқты. Қала тұрғындарының пікірлеріне құлақ қоялық:

«Қайтіп жеткен баспана бұл?!»

Гүлсім, мұғалім:

«Әркімнің өз үйі – Мысыр шаһары» дейді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша қаланың қақ ортасынан салынған көп пәтерлі үйден баспана алдық. Бөркімізді аспанға атып қуандық. Өліп-өшіп алған үйімізге шаң тигізбейтін шығармыз дегенбіз. Енді ше?!  Қайтіп жеткен баспана бұл!  Үй алғандардың көбінің  пәтерден пәтер жағалап, осы үйге әбден болдырып жеткені  аян.  Дыр-дырымен құлағыңның құрыш етін жеп, үйіңді дірілдететін бұрғының даусы қысы-жазы тынбайды, көршілердің жағдайымен санасып жатқан ешкім жоқ, өзінің шаруасы жүрсе болды. «Төбемізді тесіп бара жатырсыңдар ғой, сағат түнгі он екі, қойсаңдаршы, бүйтіп мазамызды алуға  хақың жоқ» деп, 10 қатарлы үйдегі қай пәтердің есігін тоқылдатып жүресің. Көнесің. Бәрінен жаманы – подъезге кіріп келе жатқанда құдды соғыстан кейінгі үй сияқты, төбесінің  сылағы түсіп, еденіндегі қирап жатқан кафельге сүрініп-жығыласыз, ағал-жағал  қабырғаларына кісі қарауға    қысылатын  сөздер жазылған. Сонда бұған кім кінәлі? Сырттан біреу келіп бүлдіріп жатыр ма? Жоқ, өзіміздің балаларымыз, не оларға келгендер, әйтеуір осы үйдің тұрғындары. Сосын осындай үйлерде пәтер жалдап тұратындар да көп,  оларды тәртіпке шақыру оңай емес. Әрі-беріден кейін солардың соңына түсуге денсаулығың да жетпейді.  Кейде: «Осы үйде пәтер жалдап тұратындарды білсеңіздер, хабарлаңыздар» деген сияқты хабарландырулар ілулі тұрады, күлкің келеді, көршіңді ұстап беріп не абырой табасың? Сосын «Аш  құлақтан тыныш құлақ» деп үнсіз көнесің.

« Мазасыз көршіні қалай ақылға шақыруға болады?»

Қала тұрғыны, Айтжан:

Жалпы, көп пәтерлі үйде тұрудың машақаты көп. Тұрғындардың бірі демалатын уақытта бұрғысын дырылдатып, жөндеу жұмыстары жүріп жатады, болмаса әлдеқандай басқосу, той-думан таңға дейін созылса, таңертең жұмысқа баратын адамның  ұйқысында маза жоқ. Кейде пәтерлерін кеңсеге , жұмыс істейтін орынға айналдыратын көршілерді   қайтесіз? Мысалы, бір көршіміз көріпкел ме, емші ме, топырлап адамдар келеді де жатады. Өзі тар дәлізде аяқ алып жүретін жер жоқ, таң атқаннан кешке дейін бір босамайды. Қазақтың дәстүрімен құдайы көршіңе артық сөз айтуға болмайды. Көршіңмен араз болсаң, өмірің дозаққа айналмай ма? Ал әлгіндей  тынышыңды алатын көршіні қайтіп тоқтатпақсың? Оның нан тауып отырған кәсібі сол. Қазақшылықпен ешкімге шағымдана алмайсың.  Мұндайда не істеуге болады? Негізінде, адам тұратын үйлерді басқа мақсатта пайдалануға болмайтынын және тұрғындарға бұдан еш залал тимеуі керектігін білмейтін  көршіңнің үстінен шағым  жасау ұят.  Тәртіп сақшыларының оларға айыппұл салып, біраз әбігерге түсіретінін де білесің. Осындай дау-дамайдан қашу  үшін  әрбір тұрғын өзінің істеп жүрген ісіне жауап беруі керек деп ойлаймын.

«Мен бұл үйден көшіп кетемін»

Қаланың байырғы тұрғыны, Рая (орыс тілді келіншек):

—  Біздің үйіміздің тұрған жері жақсы, орталық,  бірақ мен пәтерімді ауыстыруды  ойлап жүрмін. Бұл үйдің тұрғындары әртүрлі, бірі қаланың байырғы тұрғыны, бірі ауылдан, енді бірі ауданнан көшіп келгендер, ауылдықтар деп  оларды төмендетіп отырған жоқпын. Қалада көп пәтерлі  үйде тұрудың өз ережесі бар. Мұндай үйде тұрғасын айналасындағылармен есептеспей болмайды. Жиналыс болса, біреуі қатыспайды, бөтен үйге қатысты шаруа сияқты. Кеше ғана кірген мына жаңа үйдің подъезінің быт-шыты шықты, оны күтіп ұстау туралы әңгіме етсең, ешбірі жөндеп тыңдамайды. Бәрі наразы, бірақ әрекет  еткісі келмейді. Сонда олар үшін біреу бас ауырта ма? Бұрынғы пәтерім тар болса да, подъезіміз тап-тұйнақтай еді, тұрғындар өз қолымызбен әктеп-сырлап, ие болатынбыз. Бөтен ұлт болғанмен, көршілеріміз де біздің салт-дәстүрімізден хабардар, бір-бірімізбен туыстай сыйласатын едік. Бұл үйде бір-бірімізді танымаймыз. Подъездің еденін жуатын адамға ақша жинап беру де   мұң, не өздері тазаламайды, не кісінің еңбекақысын бермейді. Бұл қалай сонда, сол үшін заң орындарына барып,  аяғымыздан сабылып жүруіміз керек пе?

Лифтіге ақша төлемейді, ауық-ауық тоқтатып тастайды, тіпті кеше көрші подъездегі лифтіні біреулер тал түсте тарқатып алып кетіпті, сонда оны бір адамның көрмегені ғой.

«Басымды қатырмасын»

Бақыт, қала тұрғыны:

— Маған тазалық туралы айтпаңыз, еден жуушыға төлейтін ақшам жоқ, басымды қатырмасын.  Екі баламен үйде отырмын, күйеуімнің тапқанын кредитке төлейміз, өзіміз нанымызды зорға тауып отырмыз.  Ауланың түрін қараңыз, бала ойнайтын жер жоқ,   айнала толған машина.  Мықты болсаңыздар, соны неге жөндемейсіздер? —  деп жүйкесі жұқарған жас келіншек өзімізге дүрсе қоя берді. Сосын бір баласын жетектеп, екінші баласын арбасымен сүйреп кете барды.

«Тұрғындарды кім тәртіпке шақырады?»

Сайын, көп пәтерлі үйдің тұрғыны:

— Біздің үйдің бір подъезіндегі 42 пәтердің 13-інде ғана сол үйдің  иелері тұрады, қалғандары — пәтер жалдаушылар. Пәтерлерін жалға берген үй иелері өздері жоқта пәтершілердің не істеп-не қойып жатқанында не шаруасы бар, ақысын алса болды. Оларды бақылап жатқан кім бар? Оның «рахатын» біз көріп жатырмыз. Біздің үстіміздегі пәтерде 7 бөтен ұлттың жігіті тұрады. Күнде таң атқанша ырду-дырду, қызойнақ, даңғырлаған  музыка. Тәртіпке көнбейді,  өздері  барлық үйдің иесі сияқты. Бірде милицияға шығымданып та көрдім. Олардың да дәрмені шамалы екен.   Жетеуіне 7 мың теңге айыппұл салды да кетті. «Біздің қолымыздан келетіні осы» дейді. Түнгі сағат 11-ден таңғы 6-ға дейін тұрғындардың тыныштығын бұзған адамға ескерту жасалатыны, екінші рет қайталаса, айыппұл салынатынын біз де білеміз. Бірақ одан неге қорытынды шығарылмайды? Соны талап ету де — тәртіп сақшыларының міндеті. Көп пәтерлі үйді аздырып-тоздырып тұрған да — сол пәтерді жалға алушылар. Үйлеріндегі қоқысты дәлізге тастай салады. Суды жауып кетуді ұмытып, астындағы үйді суға кетіріп жатқан да солар.

Тұрғындар бірігіп ақша жинап, лифтіні жөндетіп, басқа да ортақ шаруаларды реттей беретінбіз. Бүгін келіп, ертең кететін  пәтершілермен қандай шаруа туралы сөйлесесің.

Бұрын есік алдына ағаш отырғызып, гүл егіп, соны суарып жүретінбіз. Ағашымыз өсті, гүлді баптауды қойдық. Өйткені жоғарыдағы тұрғындар босаған сусын қалбыры, темекінің тұқылын, басқа да қоқыстарды лақтырып, гүліміздің берекесін кетірді. Бұл не деген мәдениетсіздік? Зығырданың қайнайды. Істерге амал жоқ.

«Тұрғындарда әдеп те, жауапкершілік те жоқ»

Аула сыпырушы, Әдиет:

— Аулада шашылып жатқан бос қалбырлар,  қағаздар, кір-қоқыстарды күн сайын көремін, жұмысым сол, ерінбей тазалаймын. Бәрінен бататыны  — жастардың жерге шырт-шырт түкіретіні,  кісінің жүрегі айниды, кейде құдды бір түкіріктен жаңбыр жауғандай әсер қалдырады. Ескерту жасасаң, дүңк ете қалады. «Ата-аналары қалай тәрбиелеген?» деп ойлайсың. Аулада кішкентай балалар  ойнайды, жерге отырады,  сол балалардың обалын ойлау деген жоқ. Жастар сөйлесіп тұрғанда, құлағыңның шалатыны   — дөрекі сөздер, боқтық, үлкендерден қысылмайды.  Мұның бәрі заңбұзушылық екенін білмейді. Олар көпшілік орында  өздерін қалай ұстау  керектігінен, қаланың көркіне нұқсан келтірмеу, тазалық сақтау мәселесінен бейхабар. Сондықтан тұрғындар арасында   үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуі тиіс деп ойлаймын.

«Көп мәселе тұрғындардың өзіне байланысты»

Тұрғындар қалашығындағы  «Гүлдана» кондоминиумының төрағасы Хамит Жұмағазиев:

Тургенев көшесіндегі №36 және 32 үйлер біздің кондоминиумға қарайды. Тұрғындардың тыныштығына, ауланың тазалығына біз жауап береміз. Қай пәтерде кім тұрады, пәтер жалдаушылар ма, қай үйде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, бәрінен де хабардар болып отырамыз. Тұрғындар тыныштығын бұзған жағдайда хабарды ести салысымен, сол пәтер иелерімен сөйлесіп, тәртіпке шақырамыз. Біздің ырқымызға көнбей, шектен шығып жатқандарды көрмедік.

Бәрі де кісімен  тіл табыса білуге байланысты. Кондоминиум жұмысшылары ыстық су, суық су, электр жүйесі, подвалдың құрғақтығы, т.б. нәрселерге жауап береді. Пәтердің  шаршы метріне 8 теңгеден төлейді, 4 бөлмелі үйге әрі кеткенде 800 теңге төлейді. Ал подъезге, әр қабаттағы шағын дәліздер мен баспалдақтарға  тұрғындардың өздері жауапты. Халық өзі  тұратын жерді таза ұстауға тырысуы керек. Ол үшін біреуді кінәлаудың керегі жоқ. Бәрі бірлесіп тындыратын шаруа деп есептеймін. Жеме-жемге келгенде тұрғындардың өздері зардап шегеді.

Біз Қазақстан Республикасы «Сәулет және қала құрылысы туралы », «Тұрғын үй қатынастары туралы»  заңдарына, Азаматтық кодекс пен басқа нормативтік құжаттарға  сүйене отырып, әрбір жеке пәтер иелерімен  кондоминиум арасында екі жақты келісім-шарт  жасасқанбыз. Сол құжатта екі жақтың да құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Өздері қарамағына алып отырған үйлерге жауап беретін пәтер иелері кооперативтері мен кондоминиум төрағалары да жауапкершіліктен жалтара алмайды. Сондықтан өз шаруаларын адалынан атқаруы тиіс. Тұрғындармен тығыз байланыста әрекет  етсе, шешілмейтін мәселе жоқ.

P.S. Тұрғындардың пікірі осындай. Қарамағындағы үйге ие болып отырған төрағаның сөзі де көкейге қонымды. Кінәнің екі жақтан да болатынын ескерсек, көп пәтерлі үйдің проблемаларының бір ұшы өздерінде жатқанын тұрғындар да сезінуі тиіс сияқты. Шаһарлы жерде жүріп-тұрудың өз мәдениеті барлығын мойындауымыз қажет-ақ.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button